Халық мәңгүртке айналмау үшін аттандаса несі айып? Жылдар бойы бұғып, көлеңкесінен қорқып, тек жанбағысты ғана ойлап келген халықты “не үшін өмір сүріп жүрміз” дейтін сауалға жауап іздейтін дәрежеге жеткені үшін кінәлауға бола ма? Бұл кінәнің астарында “басыңды жұлып аламын” деген сестің жатқанын кім білмейді. Әйтпесе бас көтерді екен деп басқа ұра ма? Жан ашуын түсінуге тырысудың орнына күшке салды. Оянған халық ойындағысын дұрыстап тыңдайтын тірі жан болмаған соң дүрліккен шығар, бәлкім. Адамдаржы топырлатып алаңға айдап шыққан “белгісіз біреулерді” іздеп, арамтер болу сол халықты бағаламаудың, сыйламаудың, ең ақыр аяғы оған шындап жаны ашымаудың белгісі емес пе?! Халық – тобыр. Тобыр, тобыр... Сталиннің заманына үстем болған ұғым әлі өзгермепті. Демократия мен жариялылықтың салтанат құрғанына сенген халықтың сенімін шынжыр табан танктей әділетсіздікпен таптап жүре берді. Себебі – олардың ұғымынша, алаңға мұңы, жанының ащы айқайы бар халық емес, тобыр шыққан. Тобыр... Құлағы кесік құл... Тобырға сөз жетпейді. Тобырда парасат жоқ, парық жоқ. Ендеше тізеге салып сындыр, тобыр қорыққанын сыйлайды. Тобыр қу құлқынның құлы. Қарнын тойдырып, алдап қой да ойыңа келгенді істей бер. Бюрократия осылай ойлайды, осылай әрекет жасайды. Бұрын да солай болған, қазір де солай... Солар... Солар кінәлі...