Әсіресе, кезінде Алтын хандығы аталған Шығыс Манғұлияның Шолой-Обашы хонтайшысы Жоңғарияға тіпті қырғидай тиіп еді. 1552 жылы ойратты ойсырата жеңген ол шекарасын нығайтып алған-ды. Арада он жыл өткенде, қара ит жылы, Ордос маңғұлдарының ханы - Құтықтай шешен (Хутухтай- Сецен) енді торғауыттарға тұтқиылдан дүрбелең салып, Ертіске дейін дүркірете қуған ғой. Дәл осы Құтықтай шешен хонтайшы он екі жылдан соң, көк ит жылы, ойраттың хойт руының әміршісі Еселбай-қияға (Эсель- бейн-хяға) шабуыл жасайды. Еселбай-қияның қолы жеңіліп, өзі тұтқынға түседі. Араннан әупірімдеп айла тауып қашып шыққан Еселбай-қия кейін қол жиып барып, Құтықтай шешенді өлтіріп, кегін қайтарған еді.