kk
Free
Сапарғали Бегалин

Жамбыл

  • Zhanarys Tileubekhas quoted3 years ago
    ЕКЕЙДІҢ БЫТЫРАУЫ

    Біз жоғарыда Жамбылдың өз атасы Шапырашты ішінде Екей атанады дедік. Екей жөнінде толып жатқан сөз бар. Бірақ олардың әрқайсысы айтылған орнына қарай әңгіменің әр жерінен кездесіп, мүмкін болғанда қысқа да болса түсінік беріп отыратындықтан, бұл жерде Екейге көп тоқтамаспыз.

    Екейдің іргелі ел болып өсіп қалған кезінде, Жамбыл ақын туар кездің алдында Екей руы қоныстарын тастап, әр елге сіңіп тозып кетеді. Оның себебі Екейдің Әлти деген бір атасының баласынан (бұл Сүйінбай ақынның атасы) сол кезде жортармандық істеп жүретін мықты жігіт Бәйпі Бақы баласы бір жақтан аттанып барып бес жылқы алып қайтады. Ол кезде Екей руы Қордай тауының сілемін ала Шу өзенінің жағасын өрлей, Кіндіктас, Табылған, Сарыбұлақ деген жерлерде мекендейді екен. Қордай тауының бір терең сайына бекініп жатқан Бәйпінің үстіне сол тұстағы Дулаттың Сәмбет деген руының атақты Нұрақ, Аймамбет деген екі байының ортасындағы жалғыз баласы Сексен дейтін жігіт құс салып тауға шығып, Бәйпіге кез болады.

    Сексен Бәйпіні таниды. Бірақ еш нәрсе айтпайды. Өз бетімен құсын салып, жүріп кетеді. Сексен кеткен соң, Бәйпіге ой түседі. «Мынау елге айтып барып маған шатақ болар, онан да мұны өлтіріп жоқ қылып жіберейін» деп, аңдаусыз келе жатқан Сексенді елеусіз келіп сыртынан ұрып өлтіреді.

    Сексеннің киімін, сүйегін суырдың ініне тығып, құсын, итін қоя береді. Атын ұрлықтан түскен бес жылқының қасына қосып, Қошқар үстіндегі қырғызға апарып өткізеді. Сексен жоғалып, сол бетімен табылмай кетеді. Содан сегіз жыл өткеннен кейін Сәмбет елі Қошқар үстіндегі қырғыздан жылқы алады. Сол әкелген жылқының ішінде Сексеннің қара жорға аты бірге келеді. Сексеннің әкелері атты танып, қолына алып, аттың қайда барғанын қудалап сұрастырғанда, қырғызға Бәйпінің апарып өткізгенін, Сексенді кім өлтіргенін табады. Сексеннің өлімін Бәйпі мойнына алған соң, Дулат боп бірігіп қызып, Сексенге жеті ердің құнын кестіреді. Жеті ердің құнына алдыменен Әлти тұқымы күйеді. Оның малы жетпей, бүкіл Екей тұқымы болып күйеді. Осы биліктен кейін Екей бет-бетімен бытырап, өр елге сіңіп тозып кетеді. Екейдің сол кездегі бас көтерер атқа мінген адамы бәйбіше баласының, оның ішінде Ботақара деген атасының баласынан шыққан Самбай деген кісі болады. Ол кісі өз аулын бастап келіп, Найман ішіндегі бір төренің қасына барады. Өзі ерге құныкер болып көшіп барған қоңсы, кірме елге төре қызығады. Самбайдың аз ғана малының ішінде көзге түсерлік жалғыз шұбар айғыры бар екен, тере соны сұрайды. Оны Самбай бере қоймайды. Сөйтіп жүргенде, Сексеннің әкесі Айманбек Дулаттың көп кісісін ертіп, Самбай ауылын қуып барады.

    «Мына қасыңа келген қоңсың Самбай кесікті құнды төлемей қашып келіп отыр. Не қасыңнан көшіріп бер, не ерімнің құнын әпер», — деп, төреге салмақ салады. Шұбар айғырын бермеді деп тісін қайрап жүрген төре, енді кезің келді дегендей, Самбайды алдына шақыртады. Самбай келгеннен кейін, төре зейілденіп: «Сөйле, Самбай», — дейді. Сонда Самбай: «Мен сөйлесем, Әйекең ашуланады, төре кесік айтады, мен нені айтамын?» — деді де, төре жақтағы санының үстін қолымен шұқып, шұбарлап көрсете беріпті. Төре ойлапты: «Маған санын шұқып көрсеткені — шұбар айғырды берем дегені ғой. Маған паналап көшіп келген көршім. Мұны Дулаттарға жығып бермей, алып қашайын, шұбар айғырын аламын» деп қисаяды. Аймамбетке: «Сенің еріңнің құны бұрын бір кесіліпті, оны алыпсың. Екі билік жоқ, жеткен малын төледі, жетпегені құдайға да жоқ. Күнін көре алмай паналаған Самбайға менің кесер құным жоқ», — деп, Аймамбетті қайтарады. Төре артынан Самбайға кісі жібереді. «Аймамбет кетті, құннан құтқардым, айғырын берсін», — деп.

    Жіберген кісісі төренің сәлемін айтқанда, Самбай «Терең не айтып жүр, мен қай жерде айғыр берем» деген екенмін. Төре жаңылып жүрген шығар, сәлем айт, берер айғырым жоқ. Менің күн көре алмай келгенімді кеше өзі деп айтып еді ғой», — деп, кісісін қайтарып жібереді. Төре жатып ашуланады. «Жүгіне келгенде санын шұбарлап көрсетіп ым қаққаны қайда, мен сол айғырды береді екен деп, ердің құнынан құтқардым. Айтқанын орындасын, айғырын берсін, әйтпесе қаңғып келген қоңсыны қолыммен аламын», — деп, тағы кісі жібереді. Оған Самбай: «Айғыр берем деп санымды шұбарлап маған не көрініпті. Төрең қотырымды қасытпай ма. Саным қотыр еді, соны қасыдым, төреңе сәлем айт, берер айғырым жоқ», — дейді. Содан қалған мақал ел ішінде бар. «Төрең қолымызбен қотырымызды қасытпай ма?» — деген. Екі жағына өзінің алдында шыбық ұстатып өз қолымен қиған, антын айтқызған төре құнға қайта билік айта алмайды. Самбайдан алданып, айғырдан да құр қалады. Сөйтіп Самбай Сексеннің құнынан да, төренің құрығынан да құтылады.

    Осы билік жөнінде бір ескерту: қазақтың ішіне дін орнығып құран алып ант беру жайылмай тұрған кездегі анты — екі дәугер жас шыбықты екі басынан ұстап, төреге ортасынан қылышпен қиғызып тоқтайды екен. Шыбық қиғаннан кейін қайта даулай алмайды екен. Осыдан кейін Аймамбет, Нұрақ Сексеннің құнын сұрауды қояды. Самбай қартайған кезде, Екей руынан атқа мінген басты кісі Бәйет деген кісі болады.

    «Қалған Екей — қаңылтыр, Бәйет — шойын,

    Сәдібекке салып жүр үлкен ойын.

    Сұлу сары жиыннан кейін қалып,

    Көк тоқалған өңгерген алты мойын», —

    деген Шыбыл елінің бір ақыны айтқан өлең бар. Бәйет қартайған кезде, Сарыбай, Айдос баласы атқа мінеді. Екейдің қайтадан ел болып басын қосуына басшы болған осы үш кісі еді дейді.

    Жамбыл тумай тұрған кезінде Жапа туысқандарымен Дулат елінің ішінде Жаныс руынан шыққан әрі бай, әрі жуан Әтекей деген кісінің қасына көшіп барды деп жоғарыда айтып едік. Сарыбайдың әкесі Айдос ауылы Жалайыр ішіндегі Сөк төренің және Жалайыр Балпық батырдың еліне көшіп барады. Үш тоқалдың бірі Әлти руы Сүйінбайдың әкесі Арон Есқожаның жуан мықты жері Мырзабек Кәшке тұқымынан шыққан Сұраншы, Саурық батырлардың қасында қалады. Әр елге пытырап қоңсы болған Екей тұқымы малдан айрылып кедейленіп, елдік беделден жүдеп, мейлінше тозады. Ата қоныстарын Дулаттың Сәмбет деген руы және Есқожа байлары басып қалады. Екейдің бұл бытырауы Екей тұқымының атына ел арасында үлкен мін болып келген. Мысалы, Қасқарау (Дулаттың Жаныс руынан) шыққан белгілі атқамінері Ноғайбайдың қызы мен Екейдің Қойдас баласы Қара деген ақыны бір тойда кездесіп, өлең айтысады:

    Қыз:

    «Күзем кигіз басқанның дымы кеппес,

    Екі жігіт ұрысса, кегі бітпес.

    Мырзабек пен Кәшкеге жанай қонсаң,

    Жаман Екей басыңнан қамшы кетпес.

    Қара:

    «Күресе екі жігіт бірі жығар,

    Өлгенше бойдақ жігіт қызға құмар,

    Сеңкібай мен Шойбекке көшіп барсаң,

    Екі бүктеп астыңа қамшы тығар, —

    деп жауап айтады.

    Екейдің адамдары басқа рудың адамдарымен қалжыңдассын, тіпті өзді өзі қалжыңдассын, осы ауып тараған көздері сөз болмай қалмайды. Мысалы, Қисыбай мен Жамбыл екеуі өзді өзі қағысқанда да, Қисыбай Жамбылға батыра айтып, немере туысқандары Қойдалы балалары Күртібай жөнінде және Жамбылдың өз әкесі Жапаның өзі жөнінде үнемі кемітіп айтады.

    «Қойдалы Әшекейдің қойын баққан,

    Күртібай Әшекейдің отын жаққан.

    Әкең Жапа ақтабан ұрысы боп,

    Сіздің ауыл солайша жанын баққан», —

    деп, өзі жер-жебіріне жетіп кемітеді.

    Дулаттың Жаныс деген руынан бір ауылға Екейдің бір жігіті қыдырып келсе, иті қабаған екен, тура абалап тақымынан алады. Жігіт ыңғайлы, қарымды адам болса керек, итті ұрып қаңқылдатады. Итіне қамшы тиіп қаңқылдаған соң, үйдің иесі далаға шықса, итін ұрған жігіт таныс екен, көре салып: «Екей басыңмен ит сабап неден астың?» — деп әлгі жігітті тура таяқтың астына алады. «Екей ел болды, ешкі мал болды» деген сөздерді ел айтып келген. Міне, осы сияқты ұшы-қиыры жоқ кеміту сөздер толып жатады. Екей — өзімен аталас Есқожа руымен үнемі айтысып, алысып, тартысып өткен ел.

    Есқожа руының бір бай адамы баласына той істейді. Сол тойға Намаз барады. Ұлы жүз елінің жалпы салты бойынша қыз бен жігіт, бозбала мен келіншек мұндай тойда айтыссыз қалмайды. Айтыс басталады. Екейдің барған жігіттеріне батыра айтып, батыл соқтығып, өлеңді Есқожа қызы бастайды.

    Сәтине:

    Бұлаңдап Андасың жүр жаннан озып,

    Нарекем сөз сөйлейді аузын созып.

    Жалғыз қу бас Сарыбай өлгеннен соң,

    Баяғыңдай кетерсің, Екей, тозығы.

    Намаз:

    Сүйінбайды қайтесің соққан желдей,

    Қобдалының ақыны шалқар көлдей.

    Рақымы жоқ еліңді жылатады,

    Есқожаға маза жоқ Аңдас өлмей.

    Сәтине:

    Екей, сенің кигенің сары тоның,

    Кәпір орыс келді де, болды жолың.

    Тентіреп әр есікте жүргеніңде,

    Сені басқа сабайтын мына қолым.

    Намаз:

    Рас, менің кигенім жұлма тоным,

    Сарыбайым би болып, болды жолым.

    Өзбекпен тамыр боп желіндесең,

    Балаңды езіп түсірген осы қолым», —

    деп, Намаз қолын көрсетеді. Оған Сәтине ыза болып жылап жібереді. Өйткені сол Сәтиненің өз басында өсек болып, Екейдің бір емсек әйелі баласын түсірді деген сөз бар екен. Оған Есқожа жігіттері қызып, үлкен төбелес шығады. Бұрынғы зорлық істеп қалған бетімен: «Ауылыма келіп тойымда әдепсіздік істеді», — деп Андас датқа бұл Саурықтың інісі Екей кісілерінен айып алмақ болады.

    «Жігіттерінің аузын тазаласын, болмаса атамның жолын берсін», — деп, Сарыбайға кісі жібереді. Оған Сарыбай: «Аузын ашқанға айып тартатын Екей өліп қалған. Андасқа сәлем айт, намыстанса, қарындасын қайныңа ерте ұзатсын!» — дейді. Содан бірсыпыра тіресіп барып Сарыбай Андастың айтқанына көнбей, айып төлемейді. Осыдан кейін Есқожа мен Екей руының арасына теңесіп, қатарға келеді.

    Жалғыз Есқожа руы ғана емес, қатар отырған Дулат рулары да Екей елін аз ғана кемітпеген. Қасқарау руынан шыққан Дәуітәлі деген өте шешен бай өз тұсында беделді болған кісі екен. Ел арасының бір дауымен Алматыдағы ояздың алдына баратын болған. Дәуітәлімен бірге Шапыраштының бірнеше кісілері бірге келеді. Оның ішінде Сүйінбай ақын да болады. Дәуітәлі аса семіз, жуан кісі болса керек және оның үстіне тамақты өте көп ішіп, ояздың (шік үйінен басқышқа өрлегенде жүре алмай, Сүйінбай бар, тағы бір-екі кісі Дәуітәліні қолтығынан көтеріп отырады. Дәуітәлі бір-екі басқыш барғаннан кейін ентігіп жүре алмай, артынан жел шығып кетеді. «Бізге істейтін жуандығыңды Ұлыққа да істеймісің, артыңа ие болсаңшы, — дейді Сүйінбай Дәуітәліге. Сонда Дәуітәлі: «Менің артым Екейдің аузы ғой деймісің, тек десе, жым болатын», — депті. Міне, Дулат елінің жуандары да осылай кеміткен.

    Екейдің бұл бытыраған кезі Ұлы жүздің Қоқан хандығына бағынып, баж (алым) төлеп тұратын кезі болады. Қоқан бектері Әулие ата, Мерке қалаларында тұрып, Жетісу қазақтарын жылына бір рет зекетшілер аралап, көптеген мал жинап алып қайтып отырады екен. Қоқан бектеріне жаяу жерден қол артқан қырғыз манаптары, Дулаттың датқалары Жетісу елдеріне көп үстемдік істейді. Әсіресе қырғыз манаптарының қабағына қарай желік алған қырғыз жортармандары қоныстас Шапырашты руына тіпті маза бермеген. Әлденеше рет қопара қосын шауып жылқысын алып, қонысқа таласып, жеріне қонып отырған. Көбіне бұл сияқты тағалар екі елді жайлауының үстінде сан рет майдан ашқан үлкен төбелестерге де апарған.

    Үлкен көбін, Кіші көбін, Қара қия, Қара қыстақ, Қарғалы өзендері, Суықтөбе, Майтөбе, Ақтасты, Зайсан, Боралдай деген үлкен-үлкен жайлауларға таласып сан рет шайқасу болған. Осы сияқты үлкен бір шабуылдың кезінде Жапаның әкесі Ыстыбай ауылы көшіп барып паналаған Жаныс руы Аңырақай, Алмалы тауларынан - құмға қарай көшеді. (Бұл таулар осы күнгі Отар станциясының солтүстік батыс жағында). Артқы жағынан «жау келеді» деп үрке кеткен ел алды - артынан шолғыншы салып, үдере тартып отырады.

    Февраль айының суытып, қар жауған қайырма күні болады. Жапа — сол көшкен елдің алдын, артын шолуындап жүретұғын мықты жігіттерінің бірі. Жамбылдың шешесі Ұлдан айы - күніне жетіп отырған екіқабат екен. Ол көшіп келе жатқанда толғатады. Атқа жүре алмай, көшті тоқтатып, түйелерді бір жерге шөгереді. Алыста көшті қарауылдап, жер шолып жүрген Жапа көшке шауып келсе, толғатып тұрған өзінің әйелін көреді.

    Жүкті түйені айналдыра шөгеріп жіберіп, қомын алдырмастан киіздерді жауып, жүкпен қоршап күрке жасайды да, айнала түйе шөгеріп, ортасынан тіккен ықтырмаға әйелін отырғызып сонда босандырады. Ел орынға отырған кезде, бала туады. Артынан жау кеп қалды деген хабар келіп, баланы жөргекке орап алып, таң сібірлей
  • b6128824986has quoted5 years ago
    төбелес болады. Сол ұрыста Тілеуқабыл
fb2epub
Drag & drop your files (not more than 5 at once)