kk
Free
Нәбиден Әбуталиев

Жанақ ақын

6 printed pages
Have you already read it? How did you like it?
👍👎

Quotes

  • Назерке Мұсаhas quoted6 years ago
    ЖАНАҚ АҚЫН
    (дерек)
    1984 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Бес ғасыр жырлайды» кітабының бірінші томын (Жанақ ақын 171-бет) оқып отырып, «Қазақ әдебиеті» газетінде ертеректе Жарияланған «Жанақ ақын» деген зерттеу мақала (1969 ж. 29 март) есімізге тусті. Мақала авторы — белгілі ғалым X. Сүйіншәлиев. Ол кісі өз мақаласында «Жанақ Қамбарұлының негізгі мекені Ұлытау, өмірінің соңғы шағы Қарқаралы жағында, қаракесек ішінде өткен. Шамамен 1780 жылдары туып 1850 жылдары өлген» деген дерек келтіреді. Одан әрі Шоқан Уәлиханов Жанақтан «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» жырын жазып алған деп, оның айтулы айтыс ақыны екенін, оның Найманның Түбек бастаған он алты ақынын айтыста жеңгенін айтып, «Рүстем төреге айтқан сөзін» талдайды. Мәселен, қанжарын қайрап отырған Рүстем төре үйіне баса көктеп кіріп келген Жанақ ақынның сәлемін алмайды. Қолындағы домбырасын көріп: «Қу қарағай арқалап жүрген бұл кімсің?»— деп зекиді. Сонда Жанақ домбырасын алып жіберіп былай дейді:
    Ал қолыма тидің бе, қарағайым,
    Қарағайсыз керекке жарамаймын.
    Жел желісті, желмаям саған мініп,
    Бұл үш жүздің баласын аралайын.
    Қарағайым қолыма тигеннен соң,
    Ажарына ешкімнің қарамаймын.
    Беретін ақ бас құндыз, ақ жамбым жоқ,
    Өлеңіммен төрені паралайын...
    Ал «Қазақ әдебиеті»— газеті Жанақ ақын жайына қайта оралып, (1984 жыл, 8-июнь) «Жанақ жырау» деген (авторы С. Дәуітов) екінші көлемді мақала жариялады. Мұнда да ілгергі мақаладағыдай Жанақтың дарынды айтыс ақыны екені «Рүстем төреге айтқан сөзін», «Қозы Керпеш — Баян сұлу» жырын жырлағанын, оны Шоқан Уәлиханов жазып алғанын айтады. Тек бұрынғы мақаладан айырмасы сол, мұнда Жанақ Қамбарұлы емес, Жанақ Сағындықұлы деп жазылған. «Жанақ Сағындықұлы әйгілі айтыс ақыны... туған жері Семей губерниясы, Қарқаралы уезі»... делінген.
    Осыдан келіп қазақта өткен ғасырда жыр айтатын неше Жанақ ақын болған деген сауал туады?
    Көнеден келе жатқан әдеби мұраларымызға, ел аузындағы, жазба жүзіндегі тарихи деректерге тереңірек үңілсек, Құрбанғали Халидов (1846—1910 ж. ж.) жазған «Тауарих хамсада» өткендегі әдебиетіміз жайында біраз мағлұмат бар екен. Зер салып қараған адамға әдеби - зерттеу еңбектерінде, ауыз екі айтылатын жыр - қиссаларда XVІII -ғасырдың аяғы мен XIX ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген үш жүзге белгілі бір емес бірнеше Жанақ ақынның есімі аталады. «Ерте дәуірдегі қазақ әдебиеті» деген кітапта (Алматы, «Ғылым» баспасы 1983 ж.), өзінің «Тауарих хамса» және қазақ әдебиеті» деген мақаласында (178—196-бет- тері) филология ғылымының кандидаты Б. Ақмұқанова «өткен ғасырлардағы қазақ әдебиетінің жеке өкілдерінен Асан, Бұқардан басқа екі Жанақ ақынның аты бар»— деген. Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қаласынын тұрғыны жасы сексеннен асқан Кенжеғозин Балғожа қария да, сондай-ақ Павлодар қаласының тұрғыны қарт шежіреші, фольклорист Елеуке Қалданов та бірнеше Жанақтың болғанын айтады.
    Енді сол Жанақтарға тоқталалық. Алдымен Толыбай сыншы әулетінен тарайтын атақты Қожаберген жыраудың ағасы Қарабас шешеннен тарайтын Жанақты Сөз етелік. Қарабас тұқымынан бұдан басқа да Дәстем сал, Шақшақ, Жанкісі. Салғара, Сексен жырау, Сегіз сері, Сейтжан сал, Құшан сері, Көрпеш, Әмірхан, Мұстафа, Мұсайын, Сапарғали секілді көрнекті қобызшы ақын-жыраулар шыққанын білеміз. Сол ортаның өнерпаз саңлағының бірі — Жанақ Қамбарұлы (1760—1857 ж. ж.) қобызшы ақын-жырау болған. Ел ішінде бұл керей Жанақ немесе қобызшы Жанақ деп аталады. Бұл Жанақтың яғни Жанкісі ұлының немере інісі Жанақ Қамбарұлының найманның Түбек ақын бастаған он тоғыз ақынымен 1821 жылы көктемде Сыбан Найман Ақтайлақ бидің ауылында арғын руының атынан айтысқаны тарихтан белгілі. Осы жерін өз мақаласында X. Сүйіншәлиев те көрсеткен. Жанақты осы жолы айтыстырушы Өскенбай ЬІрғызбайұлы (Құнанбайдың әкесі) және жас мырза Алшынбай Тіленшіұлы, уақ руынан шыққан Жарқын мырза, Шұбартаулық керей Шүркіт мырза екен.
    Жанақ Қамбарұлының «Сырым батыр», «Қозы Көрпеш — Баян сұлу», «Қазақ ханы — ер Есім» атты ел арасына кең тараған дастандары бар. Ол өз өлеңдерін ел аралап жүріп қобызға, домбыраға қосып орындаған. Сонымен қоса оның өз шәкірті Орынбай Көртағыұлына (1820—1903 ж. ж.) қайтарған жауап өлеңі де елге белгілі. Жанақ Қамбарұлының Орынбай ақынға қайтарған осы жауабын бұрмалап бұл Түбек ақындікі (1786—1877 ж. ж.) деп жүрген жолдастар да кездеседі. (Айта кететін бір жай, осы Түбек ақынның туған, қайтыс болған жылдары қазақ совет энциклопедиясында жаңсақ жазылған.) Арқада бұдан басқа тағы үш Жанақ болған. Бұл үшеуі де талантты ақын және суырып салма айтыс өнерінің өкілдері. Жанақ Қамбарұлынан басқа үш Жанақ та арғын руынан шыққан ақын-жыраулар.
    Жанақ Төлекұлы (1743—1821 ж. ж.) Бөгенбай батырға, Баян батырға жоқтау шығарған ақын. Шыққан тегі кіші арғын ішіндегі тағышы тармағы. Әлгі екі жоқтау өлеңнің екеуі де ел аузында сақталған. Төлекұлының көп шығармалары бізге белгісіз, әлі де зерттеуді қажет етеді. Оның ұрпақтарынан Қостанай облысының Науырзым ауданында «Комсомол» совхозында тұратын қарт әнші Байқоныс Мұқаметжанұлы бар, Байқоныстың әкесі Мұқаметжан Өтелбайұлы да белгілі әнші болғаны ауыз әдебиеті тарихынан белгілі.
    Екінші Жанақ — сүйіндік арғын руынан шыққан Жанақ Жаңабатырұлы (1768 — 1850 ж.ж.) «Балта керей — Тұрсынбай» атты дастан шығарған. Жаңабатырұлы қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданының Қызылтау деген жерінде дүниеге келеді. Ол өлең -жырды жастайынан яғни он жасынан бастап айта бастаған. Осы Жаңабатырұлы Жанақты Петропавл қаласының тұрғыны Мүсенов Ғазиз де, осы облыстың Жамбыл ауданының Архангелька селосында тұратын Сегіз серінің баласы Мұсайынның қызы Ақжүністен туған Қопышев Көкен әнші де жақсы біледі. Сондай-ақ Арқалық қаласында тұратын әнші ақсақал Бәйтішев Ахметбектің қолында да осы Жаңабатырұлы Жанақ жайлы көп мағлұмат бар. Бұл ел ішінде «Әулие Жанақ», «Көреген Жанақ» атанған. Оның «Дәулен батыр», «Толыбай сыншы», «Майлы көсем», «Жаман, батыр», «Манақа батыр», «Баянауыл», «Ер Итіке» атты көлемді дастандарымен қоса «Айдабол», «Шонға», «Бөкейге», «Қалтай Қожаға», «Опы төреге», «Ыбыраш қожаға», «Ақтайлақ би — адаспа», «Саршуашқа», «Сараңтөреге» деген толғау - өлеңдерін ел-жұрт әлі күнге дейін айтып отырады. Ұрпақтары Павлодар облысының әр ауданында тұрады.
    Үшінші Жанақ — қаракесек арғынның қарашор тайпасынан шыққан Жанақ Сағындықұлы (1770—1846 ж. ж.). Туған, қайтыс болған жері қазіргі Семей облысы, Абай ауданы, «Қайнар» совхозының «Жақсы Абыралы» қонысы. Бұл да айтыс ақыны, суырып салма ақындықтың майталман шебері. Сонымен бірге батырлар жырын, ескі ғашықтық дастандарын жаттап онан әрі дамытушы ақын. «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» дастанының бір вариантын шығарған жырау осы. Жанақ ақын сөз болғанда көп ауызға ілінетіні де қаракесек арғынның қарашор тайпасынан шыққан осы — Сағындықұлы Жанақ. Өкінішке орай, біз сөз еткен өзге Жанақтар аты аталмай қағаберісте қалып қоя береді, олардың жырларын көбінесе осы — Сағындықұлы Жанаққа әкеліп телиді. Мұның бәрі, әрине ара жігін ажырата алмағандықтан, түсінбегендіктен туған жағдай деп ойлаймыз.
    Біз сөз еткен осы төрт Жанақтың төртеуі де осал емес, үлкен ақын-жырау болғанын көреміз.
    Ал Шоқанмен кездескен қай Жанақ деген сауал туады. Поляк революционер! Адольф Янушкевичтің (1803—1856 ж. ж.) 1846 жылы қазақ даласын аралағанда жазған кітабын оқып біле тұра, дүниеден ерте өткен Сағындықұлы Жанақты 1856 жылы өлген етіп көрсеткісі келетіні өкінішті. Шын мәнісінде, уақытты саралап тереңірек байыптап көрген адамға Шоқанмен кездескен Жанақ ол біз жоғарыда айтқан қобызшы," керей Жанақ Қамбарұлы екенін айырып, ажырату қиын емес. Бұған оның өмір сүрген уақыты, тіршілік еткен қонысы да сәйкес келеді. Олай дейтініміз үлкен Жанақ, яғни Жанақ Телекұлы Шоқанның әкесі Шыңғыс он жасқа шыққанда қайтыс болған. Ал Жанақ Жаңабатырұлы, Шоқан он бес жасқа қарағанда дүниеден өткен. Жанақ Сағындықұлы Шоқан он бір жасқа шыққанда 1846 жылы марқұм болады. А. Янушкевичтің жолжазбаларында жазғаны осы Сағындықұлы Жанақ. Олай дейтініміз А. Янушкевич 1846 жылдың 19 август күні өз күнделігінде былай деп жазады: «Тілмаштар маған жол бойы Жанақ туралы әңгіме айтып келді. Ол бұл өңірге аты жайылған жыршы - әнші екен, жуырда қайтыс болыпты. Өлең-жырлары үшін ол жамбы, кейде бірнеше түйе алыпты. Бірақ алдына мал, басына дәулет бітпепті. «Түскенін түскенінше жаратып, ақынша өмір кешіпті». Міне, Шоқанмен кездескен Жанақ пен А, Янушкевич айтып отырған Жанақтың екеуі екі бөлек ақын екені айқындалып тұр. Біздегі бір айып, осы Жанақтар байыбына бара зерттелмеген, әрі шатастыратын тағы бір жағдай осы төрт Жанақтың төртеуінің де бір дәуірде өмір сүргендігі. Қорыта келгенде, қай Жанақты да жатсынбай, өлең - жырларын зерттеп, тауып өзді - өзінше кәдеге жаратсақ, бұл әдеби қазынамызға қосылған үлкен олжа болар еді.
fb2epub
Drag & drop your files (not more than 5 at once)