Жазатыным бар, Тұрар аға. Басқалары бір төбе, кесірінен сақтаса, жазарым бір төбе. Ол — Абай туралы керемет хикаялар көкірегімде сайрап тұр. Абайдың ар жағында — қазақ, қазақтың бүкіл болмысы тұр. Бұл ғұмырда көретін қанша жарық сәулем бар — бәрін соған арнамақпын, Тұрар аға. Абай — менің Тәңірім, Абай — менің бүкіл өмірімнің мәні, Абай — менің ғашығым. Құдірет о басында кеудеме иненің жасуындай сәуле ұялатқаны рас болса, бәрін сарқып Абайыма бермекшімін.
— Тіршілік болып, сенің сол шығармаңды оқуға жазсын, — деді Рысқұлов. — Абайды Тоғжановтар жау көріп, жат санап жүргенде, сен дос көріп, пір тұтып, оның ұлы аруағын тірілтпек талабыңа гүл бітсін, Мұхтар. Абай сияқты арысы бар елдің — ырысы бар. Абай барда әлем алдында қазақтың жүзі төмен болмайды. Жетесіз жандар соны түсінбейді. Түсіне тұрып қараласа, күнәсі екі есе ауыр. Сол күнәкар сорлылардың күнкөріс үшін арын сатқан құлқыншыл көмейіне құм құятын сен бол, Мұхтар