Сол ұшырасу үстінде екі бірдей нәрсе есімде қалыпты. Бірі: Нұрсұлтан баламның жүзінен ниеті көрініп тұрды. Жүзінен ниеті көрінген кісі жарық дүниеде қор болмайды. Шындығы шырайынан сезіліп, нұрлана білген кісі жер бетіңдегі жаратқан иенің жіберген елшісі -пайғамбар секілді.
Екінші есімде қалғаны: Шамалған жақтан келген бір кісі «пенсиям аз, пенсиям аз!» — деп құлақты қасып жеп қойды, түге. Сол мезетте Нұрсұлтан балам сөйлеп тұрған сөзін үзіп: «Ақсақал, балаларыңыз бар ма?»- деп сұрады. Әлгі кісі: «Иә, бар, бес балам бар, бәрі жоғарғы оқуды бітірген», - деп жауап берді. Нұрсұлтан балам сөз аяғын жерге тигізбей: «Қазақта қартайған ата-анасын балалары асырайды, сол салтпен сізді де балаларыңыз бағып-қақсын», - деді қолмен қойғандай етіп. Шамалғаннан келген кісінің көмейіне құм құйылды, өкпе, шағым сөз саппа тыйылды. Кең сарай іші бірауқым күмбірлеп тұрды.
Беу, дөңгеленген дүние-ай!.. Біраз сөзін ұмытып қалыппын, біраз көрген қызықты естен шығарыппын, қартайған кісіден не сұрап жарытасың! Бір қолтығымнан ауыл әкімі Байбақтинов, келесі қолтығымнан Күләш сүйемелдеп, сүйегімді қиратып алмай үйге жеткізіп салғаны есімде. Немере қызым: «Әже, қарыныңыз ашты ма?»- деп алдымнан нан ұстап жүгіріп шыққанын білемін. Шаршағаннан шағын бөлмедегі жастық тастаған төсегіме сүріне жығылыппын. Төсегіме бас қойып жатып ернімді жыбырлатып: «Тоқпын, тоқпын,