Бұл романның оқиғасы қазіргі Қостанай облысындағы Құсмұрын аталатын көлдің, күнгей жақ қырқасында 1847 жылдық жазында басталды.
«Айналасына ат шауып жете алмайды» дейтін, землемерлердің өлшеуінде «аңғарының аумағы алпыс километр» десетін, батысынан келіп құйылған Обаған өзені, шығысын жырып Тобыл өзені құятын бұл көлдің неліктен Құсмұрын аталуын «білемін» дейтін адамдар төмендегіше баяндайды.
– Осы маңайдың, – дейді олар, – тауы, орманы жоқ, ұшы-қиыры жоқ, жап-жалпақ кең даласы көлге таяна бұйраттана бастайды да, аңғарға жақындай қырқаланып кетеді. Қырқаның күнгейіндегі биік дөң, батыс жақ беті «Ханжатқан» аталатын ойпатқа жақындай, жіңішкере беріп, темір ұстасының төсіндей сүйірленіп бітеді. Сағымды күндері алыстан қараған адамға, осы сүйір қонғалы келе жатқан алып құстың тұмсығына ұқсайды. Жұрт сол тұмсықты Құсмұрын атаған да, кел де солай аталып кеткен.