Әнуар Бұхара мен Мәскеу арасына «көпір» болуға келісімін берген еді. Отан Әнуардың Мәскеу үкіметіне жолдаған мәлімдемесі куә (орысшадан аударылды):
«Тәуелсіз Бұхара арқылы біз досымыз кеңестік Ресейдің төңкерісшіл басшылығымен Исламды Британия империализмінен құтқару міндетімізді табысты түрде аяқтап шыға аламыз. Мәскеу Халық Комиссарлары Кеңесінен осында жіберілген және мұнда жау қолындай әрекет етіп жатқан қызыл әскерлерді кері шақырып әкетуіңізді сұраймын. Қызыл әскерлердің Бұхарада қалдырылуы ашаршылыққа тап болып отырған мұсылмандардың ең соңғы түйір азығының олар тарапынан тартып алынуына және кеңестік Ресейге қарсы халық наразылығының күннен-күнге асқына түсуіне себепші болар еді. Өлкенің азық-түлігін және бағалы заттарының шетке тасып әкетілуін тоқтату лазым. Шығыс Бұхарада көтеріліс болу қаупі бар. Оның ықпалы басқа жерлерге де таралуы мүмкін. Үкімет басындағы бұхаралық комиссарлар чекистер мен орыс әскерлері тарапынан террор мен қуғынға ұшырауда. Дербес, тәуелсіз жұмыс істеу мүмкіндігінен жұрдай болған. Мәскеуге қарсы наразылық білдірушілер қатары төңкерісшіл жас бұхаралықтармен толығуда. Мәскеу үшін ең маңызды саналатын Шығыс шебінде Кеңес үкіметіне қауіп-қатер күшейгенін хабарлаймын. Өз өмірлерін өз қалауынша құру үшін Бұхара халқына толық мүмкіндік берілуі лазым. Бұхара халқының өтініші бойынша, мен Кеңес үкіметі мен Бұхара Республикасы арасында алда өтуге тиісті кездесулерде Бұхара халқына уәкілдік етуді өз міндетіме аламын. Бұл мұражатыма (үндеуіме) тезірек жауап берілуін, оны талқылау үшін өкілдер тағайындалуын, кездесетін жер және уақыт белгіленуін өтінемін. Мен өз тарапымнан желтоқсан айында (1921) Бұхара қаласында кездесуді ұсынамын».
Бұған Кеңес үкіметі Әнуарды «Британия империализмінің агенті» деп жауап берді11. Бұдан соң істің немен тынғаны баршаға мәлім. Большевиктер Әнуарға қарсы он мыңдаған әскер жинады. Шпиондық торларын құрды. Ол − ол ма, Кеңес үкіметі Әнуардың көзін жою мақсатында бұрынғы Бұхара әмірімен астыртын келіссөздер жүргізе бастады. Орыс империализмінің отаршысы болып алған Бұхараның бұрынғы әмірі көріністе Әнуарға дос болғансып, іс жүзінде Әнуардың соңынан астыртын ғайбат таратты. Өйткені Бұхараның бұрынғы әмірі Сейіт Мырғалымнан «қажырлы, қайтпас төңкерісшіл ер түрікті» көрген еді22.
Кеңестік Ресей мемлекеттің барлық тіршілік тұтқаларын қолына алған еді. Азық-түлік соның қолында болды... Әнуар болса Түркістанның тек жекелеген жерлерімен ғана, онда да атты хабаршылар арқылы байланыса алатын. Қару жоқ. Азық та жоқ... Оның үстіне ұлттық ұйымдар ішінен