«БАБАЛАР СӨЗІ» СЕРИЯСЫНАН
ЖҮЗ ТОМДЫҚ
ҒАШЫҚТЫҚ ЖЫРЛАР
ҚОЗЫ КӨРПЕШ – БАЯН СҰЛУ
(Бейсенбай нұсқасы)
Кемел ақын келтірер сөздің түрін,
Оған да заман өткен бір ықылым.
Кешегі ол бір қатар заманында
Өтіпті екі байың бізден бұрын.
Солар да бізден бұрын өткен жандар,
Сап қасқа, өңшең манап сөзді аңдаңдар.
Қалыпсыз Қарабайдай бай өтіпті,
Тоқсан мың, Тәңір алса да, жылқысы бар.
Солар да бай болыпты дүние боқ,
10. Өзіне Құдай берген нәубеті көп.
Тоқсан мың жылқы айдаған бай болса да,
Үйінде сілкіп киер шапаны жоқ.
Сыбанбай, Жанақ, Бекбау айтады екен,
Оның тегін кім десең “түрікпен” деп.
Құдайым артық дәулет мал берген көп,
... ... ... ...
Нәсілін Сарыбайдың айтады екен:
“Қырық байы Орманбеттің біреуі деп,
Елі-жұрты көре алмай малы көп” деп.
Елімен өкпелесіп жөнеледі,
20. Жұртының өсек қылған сөзін кектеп.
Ағайын біреу жүрмес бұған еріп,
Өкпелеп өз жұртынан кетті жеріп.
Құданың берген малын көпсінген соң,
Жөнелді Қарекең де ыза керіп.
Сарекең де ыза боп жүре берді,
Елі ақымақ қой жіберген мұндай ерді.
Тоқтамай күн-түн қатып ұдайы көшіп,
Балталы, Бағаналы елге кепті.
Келгенін Балталыға халық көрді,
30. Сән-тұрманы өзгеден артық еді.
Жүз кісі Тайлақ бимен ел кеп еді,
Қарабай тоқсан мыңнан түк бермеді.
“Елден шыққан білімсіз ант екен” деп,
Ел-жұрты Қарабайға өкпеледі.
Қойшының сыбағасын тоғыз қылып,
Сарекең сый-сияпатпен жөнелтті енді.
Жақсының шарапаты санға тиіп,
Сарыбайға бір тайпа ел билетеді.
Жиылған жамағат кеп кеңеседі,
40. Мұнан бұрын патшалы емес еді.
“Сарыбай тек жаралған жан емес” деп,
“Патша қоямыз” деп, “е” деседі...
Екі бай Балталыға бірдей келді,
Қарабай ол неғылсын дүйім елді.
Тоқсан мыңы көзіне мал көрінбей,
Аң аулай ерте тұрып жөнеледі.
Не Шыңғыстай, болмаса, не Қалбадай,
Не Мыржықтай аңы көп бір тау еді.
Қақ жарып хан Қарекең келе жатса,
50. Алдынан буаз марал кез келеді.
Қылт етті де, жөнелді белден асып,
Қарбаң-құрбаң етті де, қалды сасып.
Көзінің жасын сүртіп қарағанша,
Адасып қалды аңнан жаза басып.
Қылығы сол күнінде жаннан епті,
Сол шағында тентіреп аңға кепті.
“Қап бәлем, ертең түсте атамын!” деп,
Қаңтарып ақ қайыңды жата кетті.
Оған да артық дәулет Тәңірім берді,
60. Қазақтан Сарыбай да артық еді.
Ерте тұрып пандатын үйіне оқып,
Сарыбай да сахарадан аңға келді.
Қалың тауды қақ жарып келе жатса,
Ат қаңтарған бір жанды көзі көрді.
Сарекең ат көрген соң жетіп келді,
Көреді түзде жүріп талай керді.
– Жатырсың түске шейін ат қаңтарып,
Үмітсіз дүниеден кімсің? – депті.
– Көңілімді мың мен санға баламаймын,
70. Бенденің ілігіне жарамаймын.