Ең болмаса, менің көзім тірі тұрғанда тату болса екен де, мен өлген соң не болса о болсын... Құдай ғой, мені де осылардың тозағына күйдіріп қойған... Ел қайдан білсін: «Ойбай, анау пәленшені қарашы жетім-жесір боп өсіп еді, енді, әне, балаларының түздегісі түзде, ойдағысы ойда шетінен жетілген, болған-толған, бақыты жанған кемпір екен»,— дейді. Ал мен сорлы осылардың иттігін білдірмеймін деп түздегісіне түзде, ойдағысына ойда тыраштанам. Қайсысының үйіне барсам да: «Келіндерім ренжімесе екен»,— деп отымен кіріп, күлімен шығам. Мен оларға ене емеспін, жалдап алған бір күңмін.