Ал сапарың сәтті болсын, қызғалдақ.
Өмір мынау:
Қатар тосқан жеңілі мен ауырын,
Қайғысы мен сауығын,
Шуағы мен дауылын.
Бүгін, міне, сенің туған күніңде
Қандай тілек айтсам екен, бауырым?
Саған байлық тілер ем мен, бірақ ол бір әңгүдік,
Есігіңнен кіргенімен паң күліп,
Жүргенімен шеру тартып, сән құрып,
Саған жолдас бола алмайды ол мәңгілік.
Бәлкім, ерлік тілер ем мен тамыр алған төзімнен,
Ерлік сезім бірақ сенің табылады өзіңнен,
Онсыз адам жүре ала ма соқпақтар мен жолсызда.
Ал сұлулық тілер едім, сұлусың сен онсызда.
Қайтсем екен?
Мен одан да бүкіл адам аңсаған,
Бүкіл адам сан мың жылдар арман етіп шаршаған,
Азы жетіп, ал сан мыңы тек елесін тамсаған,
Кез келгеннің бақшасында піспейтін,
Кез келгеннің уысына түспейтін,
Зор махаббат тілейінші мен саған